Бішкектен Қытайдағы қырғыздарға араша сұрады

Бішкектен Қытайдағы қырғыздарға араша сұрады

Хабарлама  4,362 Қаралым жаңартылған 2 айлар бұрын

Қырғызстанда құрылған "Қытайдағы қырғыздарды қорғау" комитетінің алғашқы отырысында Қытайдан атамекенге қоныс аударып, Қырғызстан азаматтығын алған бір топ адам Қытайда этникалық қырғыздарға билік тарапынан қысым жасалып жатқанын мәлімдеп, Қырғызстан билігінен жәрдем сұрады.


"Қытайдағы қырғыздарды қорғау" комитетінің Бішкектегі алғашқы отырысына қоғам қайраткерлері, белсенділер мен Қытайдан тарихи Отанына келген қырғыздар қатысты. Жүсіп Мәлікұлы бұл жиынға бір жылдан астам уақыт хабарласа алмай жүрген Қытайдағы туыстарының суреттерін алып келді. Оның айтуынша, қазір жасы 70-тен асқан әкесі Мәлік, 30 жастағы ағасы Амантұр мен оның 28 жастағы әйелі Қытайдағы "саяси тәрбие" лагерлерінің бірінде отыр. Қытай билігі алдымен әкесі мен бауырын, кейін жеңгесін ұстап әкеткен.


- Соңғы рет жеңгеммен WeChat (Қытайда танымал мессенджер) арқылы байланысқам. "Лагерге алып кетті, не себепті екенін және қашан шығатынын білмейміз, хабарласа алмай отырмыз" деген. Біз қарапайым отбасымыз, әкем - диқан, ағам - көлік жүргізушісі, жеңгем - үй шаруасындағы адам. Интернетте "әуелде шетелге шыққан, дінге қатысы барларды ұстапты" деп жазып жатыр. Біз бұрыннан ислам дінін ұстанамыз, ақсақалдарымыз намаз оқиды. Басқа еш нәрсеге қатысымыз жоқ, - дейді Жүсіп Мәлікұлы.


Жүсіп 2013 жылы Бішкекке білім алуға келіп, 2016 жылы тарихи Отанында қалуды ұйғарған, Қырғызстан азаматтығын алған. Ол Қытайдың Қызылсу ауданындағы Ақши ауылы маңындағы Пычанкент қыстағында тұрған кезінде ондағы этникалық қырғыздарға ешқандай қысым жасалмағанын, "саяси тәрбие лагері" дегенді естімегенін айтады. Оның айтуынша, Қытайда туып, кейін Қырғызстанға келген және осы елдің азаматтығын алғандардың көпшілігінің Қытайдағы туыстары ұсталған.


- Осында келген қырғыздардың түгелге жуығының туыстары Қытайда қамауда отыр. Көпшілігі ол туралы айтуға қорқады. Егер лагерде отырған әкем туралы айтсам, онда үйде қалған анамды да ұстап әкетеді деп именеді. Мен бір жарым жылға жуық үндемей жүрдім. Туыстарымды босатар деп үміттендім. Бірақ, мысалы, егер мені ұстайтын болса ата-анам бірден ашық мәлімдер еді... Ақыр соңында жүрегім шыдамады, әкеме деген сағыныш өзегімді өртеді. Тарихи Отаныма кеткеніммен ата-ананың орны бөлек қой, - дейді ол.


Жиынға кезінде Қытайдан тарихи атажұрты – Қырғызстанға оралған оннан аса адам қатысты. Қытайда қалған туыстарынан хабар ала алмай отырғандарын айтып, Қырғызстан билігінен олардың тағдырын білуге жәрдем сұраған олар жан-дүниесін күйзелткен жағдай туралы бір жылға жуық тіс жармай келгендерін, бірақ бұдан былай оны ашық айтуды ұйғарғандарын мәлімдеді. Олар қытайлық қырғыздардың тарихи Отанынан қолдауға мұқтаж екендерін айтты.


Қытайдан келіп, Қырғызстан азаматтығын алған Алмамбет Осмонұлы бұл мәселені көтерген адамдардың өмірі үшін алаңдайтындарын айтады.


- Мұнда келген жігіттерді мафиялық немесе басқадай әдіспен ұрлап кете ме деп қорқамыз. Егер осы жерде құқық органдарының өкілдері болса, оларға айтар өтінішіміз бар. Біз тарихи Отанымыз ретінде Қырғызстан бізді қорғайды деп үміттенеміз. Бізді қорғаңыздар. Біз осы жерде отырған Токон Мамытов сынды танымал адамдардан де осыны өтініп сұраймыз, - деді Алмамбет Осмонұлы.


Қытайдан атажұртына қоныс аударған қырғыздар Қытайда қалған туған-туыстарын сол елдегі "саяси тәрбиелеу орталығы" деп аталатын лагерлерде кінәсіз және еш себепсіз ұстап отыр деп болжайды.


Жиынға қатысқан Қырғызстан омбудсмені Токон Мамытов бұл мәселе бойынша расталған мәліметтер жиналғаннан кейін ғана толыққанды ақпарат бере алатынын мәлімдеді. Ол Қытайдағы туыстарымен байланыса алмай отырғандарды қарашаның 30-ынан бастап қабылдайтынын айтып, олардан төлқұжаттарын ала келуді сұрады.


Қырғызстан омбудсмені Токон Мамытов.


Қырғызстан омбудсмені Токон Мамытов.


- Ол жақтан жауап келген соң сіздерге беремін. Өзім де Қытайға барып қайтуға әрекет қылам! – деді ол.


Сонымен бірге омбудсмен "екі елдің арасындағы ынтымаққа от қойып алмас үшін" мұндай деректер жайлы абайлап сөйлеуге шақырды.


Бірақ Қырғызстанның бұрынғы омбудсмені Тұрсынбек Акун адам құқығын қорғайтын бас мекемеде әлі күнге дейін бұл мәселеге қатысты еш мәлімет жоқ екенін сынады.


- Омбудсмен ендігі жұмысын бастап кетуі керек еді. Қытайға да барып келуіне болатын еді... Бұл - үлкен кемшілік, бірақ енді осы бағытта жұмыс атқаруға тырысады деп үміттенем, - деді Акун.


Қоғамдық белсенді Еділ Байсалов бұл мәселеге Қырғызстан билігі де назар аударып, қандай да бір іс-әрекет жасауы керек деп санайды.


Еділ Байсалов.


Еділ Байсалов.


- Қытай басшылығы мұндай қылмысқа бармас деп ойлаймын. Бұның бәрін [Қытай компартиясының] Үрімжідегі бірінші хатшысы ұйымдастырып отыр. Біз Үрімжіден бұл мәселеге қатысты жауап келмейінше сауда, мәдени,экономикалық делегацияларды тоқтата тұру керек. Пекинге, Шанхайға бара берсін. Ал бұл сұмдықтар болып жатқан Үрімжі мен Қашқарға біз бармауымыз керек, - дейді ол.


Бұған дейін Қытайдан атажұртына келген оралман қырғыздар Шыңжаңдағы туыстарының хал-жағдайын біліп беруді сұрап Қырғызстан билігінен жәрдем сұраған. Туыстары Қытайда қамауда отырғанын айтқан он шақты адам қарашаның 26-сы күні Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековке өтініш білдірген. Қарашаның 27-і күні Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Қытайдағы этникалық қырғыздардың қамалғаны туралы деректі тексеріп жатқанын хабарлаған.


"Қытайдағы қырғыздарды қорғау" комитетінің ақпараты бойынша, Шыңжаңда этникалық қырғыздарды 2016 жылдың соңынан ұстай бастаған. Комитеттің мәліметінше, қазіргі кезде Қытайда 50 мыңға жуық этникалық қырғыз қамауда отыр. Олардың арасында Мамбеттурду Мамбетакун, тарихшы Асқар Жүніс және басқа да танымал адамдар бар.


(Азаттықтың Қырғыз қызметінің мақаласы.)


https://www.azattyq.org


Сенің реакцияң?

0
Ішегім-ай
0
Ұнады
0
Шындық
0
Мәссаған!
0
Көңілді
0
Нәшар!
1
Қырт
0
Сұмдық-ай!
0
Ашулы
0 Пікір